Душанбе, Бішкек, Астана мен Ташкентте жай күннің өзінде көше қозғалысы қиын. Ал жоғары басшылар келсе, жиын-кездесулер болса Орталық Азия астаналарындағы өмір тоқтап қалады: көбіне жолдар жабылып, көлік қатынасы қиындайды, кейде тіпті тұрғындарды уақытша көшіреді немесе үйден шығуға тыйым салады.
"Жаяу баруға тура келді"
Шілденің шіліңгір ыстығы. Бірнеше сағаттан кейін Душанбе ауасы 40 градусқа дейін ысиды. Тәжікстан астанасының тұрғындары хаттама бойынша қонақтар өтетін күре жол бойындағы тротуармен күннің ыстығында жаяу кетіп барады. Әр 50 метр сайын рация ұстап, таяқшасын шошаңдатқан, ысқырығы бар милиция қызметкері тұр. Дүкен, дәмхана атаулы тегіс жабық.
Тас жол да тып-тыныш. Қаланың бұл бөлігінде көлік қозғалысы толығымен тоқтаған, машиналар Душанбенің басқа бөліктерінде кептелісте тұр.
Ұзақ тыныштықтан соң ию-қиюлатып Police деген жазуы бар алғашқы көлік келе жатты. Артында – тағы біреуі, оның арғы жағында әйнектері қап-қара көліктерден құралған кортеж келеді. Айнайдай жалтыраған көліктің сыртынан қаланың сұлбасы көрінеді. Қала тұрғындары "енді қалыпты өмір басталады" деп қуанып қалады.
Душанбе қаласы жақында Моңғолия президенті келгенде, оның ресми делегациясын осылай қарсы алды.
"Сол күні үйден ертерек шыққанмын, бәрібір жұмысқа 40 минут кешіктім. Біраз жолды жаяу жүруге тура келді" дейді Тәжікстан астанасының Кахромон есімді тұрғыны.
"Әдетте 18 сомони болатын (1,8 доллар) такси [моңғол президенті] келген күні 64 сомони (6,6 доллар) болып кетті, – осындағы ақпарат құралында жұмыс істейтін Парвиз есімді журналист. – Қала ортасында жол жабық болғандықтан, сырт жақпен айналып жүрдік. Соның кесірінен маңызды кездесуге кешіктім".
Елдің жоғары басшылары мен шетелдік қонақтарды таситын кортеж қалада емін-еркін қозғалуы үшін мұнда жолдар жиі жабылып, көліктерді көшеден алғызады, ал қоғамдық көлік жарты жолдан бұрылып кетеді.
"Мұндай күндері ештеңе жоспарламауға тырысамын"
Орталық Азияның басқа астаналарында да жағдай осындай.
Ташкентте кортеждің жолын "тазалау" бұдан да сорақы болады.
2024 жылғы көктемде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің күзет қызметі кортежге жол бермеген көлікке оқ атқан. Куәгерлер оқиғаны видеоға түсіріп алған. Жүргізуші жапа шекпеген, оның үстінен билікке қарсылық көрсету бабымен іс қозғалған.
2023 жылғы қаңтарда соған ұқсас жағдай болды. Ол кезде жол бермеген көлікке әскери қарумен оқ атқан. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, күзет "ережеге сай" әрекет еткен.
Ал мамырда Самарқанға Италия премьер-министрі Джорджа Мелони келетін күні әуежайдан қалаға баратын жол бойындағы жатақханада тұратын студенттерді шығарып жіберген.
Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, мұндай жағдай жиі болып тұрады. Жоғары лауазымды тұлғалар сапары қарсаңында қалалардағы өмір тоқтап қалады: жоғары оқу орындары мен мектептердегі сабақ тоқтатылып, көшелер тәртіп сақшысына толып кетеді, дүкендер жабылып, көлік түгіл жаяу адамдардың жүріп-тұруына шек қойылады.
Кейде тұрғындардың үйден шығуына мүлде тыйым салынады, олар тіпті кортеж өтетін маңайдағы ауруханаға да бара алмай қалады.
Мұндай кездесулер мен саммиттер Бішкектегі тұрмысқа да көп әсер етеді. Мәселен, Душанбеге барар алдында Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух Қырғызстанда болған, мұнда да жолдар жабылып, көлік қозғалысы тоқтаған.
Құқық қорғау органдары "Манас" әуежайынан қалаға баратын жолда кортеж өтетін уақытта қозғалыс тоқтайды деген хабарлама таратып, халықты "уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарап, сапарын алдын ала жоспарлауды" сұраған.
Алайда Бішкек орталығы кептелістен сіресіп қалды. Ал астанадан 190 шақырым жердегі Ыстықкөл жағасында демалып жатқандар Бөстери курорт қаласынан сағаттар бойы шыға алмады, жол қозғалысы ұзақ уақытқа тоқтады.
"Манас даңғылы – қаланың күретамыры. Оны жауып тастаса, бәрі тоқтап қалады. ШЫҰ, ЕАЭҚ сияқты саммиттер, сапарлар – мұның барлығы кептеліс деген сөз. Демек кешке жұмыстан шыға алмайсың, не сағаттап бағдаршамда тұрасың деген сөз" дейді Бішкекте тұратын Қанат есімді журналист.
Астанада да жағдай оңып тұрған жоқ дейді қала тұрғындары.
"Интернетте тіпті "Астановка" деген сияқты арнайы пабликтер бар, жұрт көлік қозғалысы қай жерде тоқтағанын сол жерден біліп отырады. Жоғары лауазымды адамдар келеді деген күндері ешқайда шықпаймын, жоспарламаймын да. Ең дұрысы – жаяу жүру немесе үйде отыру. Болмаса көшеде қаңтарылып қаласың" дейді Жаннат есімді Астана тұрғыны.
Жүріп-тұру еркіндігін шектеу ме, қауіпсіздікті қамтамасыз ету ме?
Душанбенің ішкі істер басқармасы жол жабылып, қозғалысқа кедергі болатынын telegram-арнада күні бұрын хабарлайды. Бірақ оның көп пайдасы жоқ дейді тұрғындар. Біреулер әлдебір басшы сапармен келгенін кептеліске барып тірелгенде бір-ақ біледі, ал басқаларының жолға шықпасқа амалы жоқ.
Тәжікстан көлік министрлігі бұрынғы қызметкерінің айтуынша, Душанбенің бас жоспары мұндай сапарларға лайықталмаған, ол міндетті түрде қаладағы қозғалысқа кесірін тигізеді. "Хаттама бойынша кортеж жүретін жол бүкіл қаланың қозғалысын тоқтатады. Сондықтан айналма жолдарда кептеліс болады" дейді ол.
Есімін атамауды сұраған президент әкімшілігі өкілінің айтуынша, жолды жабу тәртібі ресми құжаттарға негізделген.
"Оған ресми делегацияларды алып жүру туралы қаулы, соның негізінде құқық қорғау органдарына арналып жасалған нұсқаулық кіреді, ол – жариялауға болмайтын құпия құжат, бұған қоса "Президентті әлеуметтік қамсыздандыру, қызмет көрсету және күзету туралы" Тәжікстан Республикасының заңы бар" дейді шенеунік.
Тәжікстан президентң жанындағы Стратегиялық зерттеулер орталығы директорының бұрынғы орынбасары Сайфулло Сафаровтың айтуынша, мемлекеттің бірінші басшыларының қозғалысы кезіндегі бұл шаралар олардың қауіпсіздігі үшін жасалады.
"Құдай сақтасын, аяқ астынан бірдеңе болып, мемлекет басшысыз қалса, елде қандай хаос болатынын елестетіп көрдіңіз бе? Сондықтан мұндай қауіпсіздік шаралары қажет. Кортеж, ең алдымен азаматтардың қауіпсіздігі мақсатында, жолда төтенше жағдай болып қалмауы үшін өте жылдам жүреді. Сондықтан хаттама бойынша олар сағатына кемі 100 км жылдамдықпен жүруі тиіс. Мұны түсіне білу керек, хаттама бойынша бұлай қозғалу адамның жүріп-тұру қозғалысын шектейді деп ойлайтындар саясатта да, мемлекетте де, қауіпсіздікте де ештеңе түсінбейді" дейді Сафаров.
Азаттық Азияға сұхбат берген атын атамауды сұраған душанбелік құқық қорғаушы қаланың қозғалысын тоқтатып қойып жоғары лауазымды қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібімен келіспейді.
"АҚШ президентінің кортежі қарбалас сағатқа тұспа-тұс келмейтіндей етіп жоспарланады. Жолды толық жаппайды. Кортеж өтердің алдында ғана көше қиылытары жабылады. Қала сыртындағы резиденцияға президент тікұшақпен барады, ол Ақ үйдің дәл алдындағы көгалдан ұшады" дейді Вашингтонда болған кезін еске түсірген құқық қорғаушы.
Үлкен трассаларды жабу – халықтың жүріп-тұру бостандығын шектеу дейді ол.
"Бұл – анда-санда болатын жағдай емес, үнемі қайталанатын көрініс. Жұрт жұмыс уақытын жоғалтады, кездесулерден қалады, біреулер сотқа, біреулер емханаға, тіпті жерлеу рәсіміне кешігеді" дейді ол.
ПІКІРЛЕР