АҚШ президентінің кеңсесі Бакумен бірге Израильмен қарым-қатынасты тереңдету мақсатында Әзербайжан және Орталық Азиядағы кейбір одақтастарын Авраам келісіміне қосу мәселесін қызу талқылады. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Reuters жазды.
Дональд Трамптың алғашқы президенттігі тұсында осы келісім аясында басым көпшілігі мұсылмандардан құралған төрт мемлекет АҚШ-тың араағайындық етуімен Израильмен дипломатиялық қарым-қатынасты қалыпқа келтірген.
Әзербайжан және Орталық Азия елдері Израильмен көп жыл бұрын қарым-қатынас орнатқан және егер олар келісімге қосылса, бұл қадамның негізінен символдық сипаты болады және сауда мен әскери әріптестікті нығайтуға бағытталған деді Reuters дереккөздері.
Трамптың арнайы уәкілі Стив Уиткофф наурызда Бакуге барып, Әзербайжан президенті Илхам Әлиевпен кездескен. Кейін Бакуге Авраам келісімін талқылау үшін Уиткоффтың көмекшісі Арье Лайтстоун барған.
Талқылау кезінде әзербайжан шенеуніктері келісімге қосылуға "мүдделері бар-жоғын білу үшін" Орталық Азия елдерінің ресми тұлғаларына, оның ішінде Қазақстан да бар, хабарласқан. Дереккөздің айтуынша, бұл мәселе бойынша Қазақстаннан бөлек Орталық Азияның тағы қандай елдерімен байланыс орнатылғаны белгісіз.
АҚШ мемлекеттік департаменті Reuters агенттігіне Орталық Азияның нақты қай елдерімен мәселе талқыланғанын айтпаған, бірақ келісімді кеңейту Трамптың негізгі жоспарларының бірі екенін растаған. "Көбірек елді тартуға күш салып отырмыз" деді АҚШ мемлекеттік департамент өкілі.
Әзербайжан үкіметі түсініктеме беруден бас тартты. Ақ үй, Израиль мен Қазақстанның АҚШ-тағы өкілдіктері де ресми сауалға жауап бермеген.
БАӘ, Бахрейн, Марокко және Судан қол қойған Авраам келісімі Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруді көздейді.
Бірқатар араб елдері келісімнен бас тартқан. Сауд Арабиясы Израиль Палестина мемлекетін мойындамайынша Израильді мойындамайтынын айтқан. Израиль әскерінің операциясы салдарынан адам өлімі артып, гуманитарлық көмек бұғатталғандықтан Газаны аштық жайлауына араб елдері наразы болған. Осы жайт мұсылман елдерінің келісімге қосылуын қиындатып отыр.