Ұлттық банк валюта нарығында 125,6 млн доллар сатып, интервенция жүргізді. Доллар 540 теңгеге түсті.
Ұлттық банктің хабарлауынша, шілдеде теңге 4% әлсіреген, осылайша доллар 419 теңгеден 440 теңгеге дейін бір-ақ қымбаттаған.” Валюта нарығындағы өтімділік барынша төмендеп, алыпсатарлық қысымның күшеюіне байланысты” 30 шілдеде Ұлттық банк интервенция жүргізген.
“Интервенцияларды жүргізу алыпсатарлық белсенділікті төмендетуге және нарықта қажетті өтімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берді” деп жазылған ресми хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа көлемі бір айда 235 млн доллардан 260 млн АҚШ долларына дейін ұлғайған. Жалпы сауда-саттық көлемі 5,7 млрд доллар болған.
Шілдеде Ұлттық қордан 700 млн доллар валюта сатылған. Тамызда бұл көрсеткіш 400-500 млн доллар болады деген жоспар бар.
Kurs.kz мәліметінше, 1 тамызда Алматының айырбастау пунктерінде доллар 542-544, Астанада – 545-547 теңге, Шымкентте 543 теңгеден сатылып жатты.
Бұған дейін Ұлттық банк жетекшісі Тимур Сүлейменов қаржы нарығындағы валюта бағамына сұраныс пен ұсыныс әсер еткен деп түсіндірген.
"Қазір бағамға негізгі қысымды нарық факторлары: бюджет қаражатының белсенді игерілуі, импортты көбірек сатып алу, оған қоса маусымдық дивидендтер төлеу мен туристер сұранысы қалыптастырып отыр. Алыпсатарлар белсенділігін байқамадық – жағдай тұрақты және оны бақылап отырмыз", – деп жазды Сүлейменов Facebook желісінде.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) мамандары теңгенің әлсіреуін макроэкономикалық негіздермен түсіндіру қиын дейді. Сарапшылардың пікірінше, жеке тұлғалар да, нарық ойыншылары да доллар бағасы өсіп кетеді деген болжаммен валюта сатып алуға асықты. Соның нәтижесінде сұраныс ұсыныстан артып, доллар бағамы шарықтап шыға келді деп түсіндіреді олар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Теңге бағамы түсіп барады, ары қарай не болмақ?