Трамп Медведевтің "АҚШ-Ресей соғысы" туралы сөзінен кейін екі сүңгуір қайықты орналастыруға бұйрық берді

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведевтің "Ресей-АҚШ арасындағы соғыс ықтималдығы туралы" сөзіне жауап ретінде "тиісті аумаққа" екі сүңгуір қайығын орналастыру туралы бұйрық берді. Болжам бойынша, мәселе Ресеймен соғыс тұтанған жағдайда атом оқтұмсығы бар ракеталарды ұшыратын аумаққа сүңгуір қайықтарды жіберу жөнінде болып отыр.

"[Медведевтің] ақымақ және азғындаушы мәлімдемелері жәй сөз емес, одан да ірі нәрсе болып жүрмесін деп тиісті аумаққа екі ядролық сүңгуір қайықты орналастыруды бұйырдым. Сөздің үлкен мәнісі бар және көп жағдайда салдарын алдын ала болжау қиын. Нақты жағдайда бұл бола қоймас деп үміттенемін" деп жазды Трамп Truth желісінде.

Жуырда Медведев әлеуметтік желіде Трампқа қайырылып, оның Ресейге қатысты ультиматумдары "соғысқа қадам" болуы мүмкін екенін айтқан. Ол Трампты АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденнің жолымен жүрмеуге шақырған. Мәскеу Байденді Ресеймен қарым-қатынасты ушықтырды деп айыптаған.

Маусымда Трамп Truth желісінде Медведевтің өзге елдер Иранға ядролық қару беруге дайын деген сөзіне реакция білдіріп, америкалық сүңгуір қайықтарды мақтаған.

"Біздің ең қуатты қаруымыз - атом сүңгуір қайықтары қалғандардан 20 жыл алда тұр. Бұл бұрын-соңды жасалған қарулардың ең қуаттысы" деп жазды Трамп. Бұған жауап жазған Медведев [Иранға] қаруды Ресей береді деп меңземегенін айтқан.

Екі саясаткер кейінгі күндері бір-біріне қарата мәлімдемелер жасап келе жатыр.

РБК-ның жазуынша, Трамптың жазбасынан кейін Мәскеу биржасының индексі күрт төмендеп, ал Brent маркалы мұнай қымбаттап, бір баррелі 70 доллардан асты.