ҚазТАГ дереккөзі: көлік вице-министрі ұсталды

Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев ұсталды деп хабарлады құқық қорғау органдарындағы дереккөзге сүйенген ҚазТАГ агенттігі.

Вице-министр ұсталғанын растаған дереккөз дегенмен жай-жапсарын айтпаған. Бұған дейін бірқатар телеграм-арналар шенеунік "78 мың доллар көлемінде пара алды" деген күдікке ілінгенін жазған. Kozachkov offside арнасы тергеу "автомобиль жолдары комитетіндегі жұмыспен" байланысты деп хабарлады.

Көлік министрлігінің баспасөз қызметі ҚазТАГ агенттігіне вице-министрдің ұсталғаны туралы ақпаратты растаған жоқ және жоққа да шығармаған. Сенбі күні Азаттық та көлік министрлігінен жауап ала алған жоқ. Ведомствоның ресми сайтында Аблалиев вице-министр ретінде көрсетілген.

Аблалиев көлік вице-министрі қызметін 2023 жылдың қазанынан бастап атқарып келеді. 54 жастағы шенеунік оған дейін шамамен екі жыл Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған.