Ғалымдар Камчаткадағы Крашенинников жанартауы араға бәленбай ғасыр салып қайта оянғанын айтып отыр. Бұл туралы Ресей ғылым академиясының Вулканология және сейсмология институты жанындағы жанартау атқылауын тіркейтін Камчатка тобы (KVERT) хабарлады.
Крашенинников жанартауы 2 тамыз күні сағат 16:50-де (жергілікті уақыт бойынша 3 тамыз, таңғы 4:50) оянған. Жанартаудан шыққан күл төрт километр биікке дейін көтерілген. KVERT мәліметінше, бұған дейін осы жанартаудың атқылауы 1463 жылы тіркелген екен.
Кроноцкий қорығы өкілдерінің айтуынша, жанартаудан көкке ұшқан күл 5-6 шақырымға дейін жайылып, кейбір аумақтарды күл басқан. Алайда елді мекендер зардап шекпеген – көкте бұлт тәрізді жайылған күл елдімекендерден алшақ аумақтарға жеткен, деп хабарлады Камчатка өлкесінің төтенше жағдайлар қызметі.
Крашенинников жанартауы Камчаткада жер өте қатты сілкінгеннен кейін оянды. 30 шілде күні магнитудасы 8,8-ге жеткен аса күшті жер сілкінісінің эпицентрі Петропавловск-Камчатский қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 200 шақырым жерде болған. Мұншама күшті жер сілкінісі осы өңірде 1952 жылдан бері алғаш рет тіркелді.
Шығыс жанартау белдеуіне жататын Крашенинников жанартауы Кроноцкое көлінен оңтүстікке қарай шамамен 13 шақырым, ал Петропавловск-Камчатский қаласынан 200 шақырым қашықта орналасқан. Жанартау ең биік басы — 1856 метр. Ол Камчатканы алғаш зерттегендердің бірі — Степан Крашенинниковтың құрметіне аталған.