Әзербайжан басылымы Калининградты Кенигсберг деп атады

Әзербайжанның Minval басылымында Ресейдің Калининград қаласы Кенигсберг ретінде аталған. Мысалы, сондағы жаңалықтардың бірі "Ресей Кенигсбергте С-400 және соққы жүйелерін орналастарды" деп аталады.

Басылым ТАСС агенттігінің Қарабақтағы Ханкенд қаласында суретші Иван Айвазовскийдің ескерткіші бұзылғаны туралы жаңалыққа осылайша реакция білдірді. Ресейлік агенттік жаңалықта советтік топонимдер қолданған - Қарабақтың орнына Таулы Қарабақ және Ханкендтің орнына Степанакерт атауын пайдаланған.

Әзербайжан сыртқы істер министрлігі протест білдіріп, ТАСС-тан мәтінді түзеуді талап етті.

Әзербайжанның АЗЕРТАДЖ мемлекеттік агенттігі Әзербайжан да ресейлік қалалардың тарихи немесе түрік атауларын пайдалана бастайды деп мәлімдеді – мысалы, Калининградтың орнына – Кенигсберг, Оренбургтың орнына - Орынбор, Волгоградтың орнына – Сарысу.

Баку сынынан кейін ТАСС Степанакертті Таулы Қарабақ қылып өзгертті. Ізінше қосымша өзгерту енгізіп, тақырыпта Қарабақ, мәтінде "Ханкенд" атауларын қолданды.

Халықаралық құқық бойынша, Таулы Қарабақ – Әзербайжан жері. Аймақ 1990 жылдардағы соғыстан кейін Ереван қолдауына ие жікшіл армяндардың қолында еді. 2020 жылы алты апталық соғыста Әзербайжан аймақтың едәуір бөлігін өз бақылауына алған.

2023 жылы қыркүйекте Әзербайжан армиясы Таулы Қарабақта әскери операция бастап, аймақты толық басып алды. Жүздеген мың армян баспанасын тастап, қашып кеткен. Таулы Қарабақ жетекшісі Самвел Шахраманян 28 қыркүйекте жікшіл "республика" 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылатыны туралы жарлыққа қол қойған.

Иван Айвазовскийге (Ованнес Айвазян) ескерткіш 2021 жылы ресейлік бітімгерлердің қатысуымен орнатылған. Ресейлік бітімгерлер 2020 жылы Қарабақта атыс тоқтағаннан кейін сол жаққа орналастырылған еді. Бакудің айтуынша, ескерткіш заңға қайшы орнатылған.

Ресей президентінің халықаралық мәдени әріптестік жөніндегі өкілі Михаил Швыдкой өкініш білдіріп, "ескерткіштермен күресті" тоқтатуға шақырған. Мәскеу аннексиялап алған Қырым жетекшісі Сергей Аксенов Әзербайжан сүріп тастаған ескерткішті өздерінде орнатуға дайын екенін мәлімдеген.

Айвазовскийдің ескерткішінің бұзылғаны жөнінде хабар Баку мен Мәскеу арасы 27 шілдеде Екатеринбургте әзербайжан диаспорасының өкілі ұсталғаннан кейін суыған шақта тараған. Рейд кезінде екі адам қаза болған. Әзербайжан сараптамасының қорытындысы бойынша, олар ұстау кезінде алған жарақаттан қаза болған.

Әзербайжанда есірткінің заңсыз айналысы және киберқылмысқа қатысы бар деген күдікпен Ресей азаматтары да ұсталған.